06 мам, 2020 сағат 17:14

Алматыда коронавирустан қайтыс болған ер адамның басқа да созылмалы аурулары болған

Алматыда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған 68 жастағы ер адамның басқа да созылмалы аурулары болған. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Пациент ұзақ уақыт бойы ауыр созылмалы аурулармен (вирустық гепатит, қант диабеті, артериялық гипертензия, жалғыз бүйректің созылмалы пиелонефриті, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы) ауырған 1 топтағы мүгедек болған. Жедел шұғыл медициналық көмек ауруханасына науқас ауыр хәлде келіп түскен», – деп хабарлады ведомствадан. 

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас провизорлық госпитальда тексеруден өткен. ПТР тест COVID-19 диагнозын растаған соң инфекциялық стационарға ауыстырылған. 

Пациентке инфекциялық стационарда COVID-19 диагностикалау және емдеу хаттамасына сәйкес қарқынды терапия жүргізілді. Жүргізілген емге қарамастан, жай-күйі үдемелі түрде нашарлап, өкпені жасанды желдету аппаратында болды. 

Қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 1392 жағдайы тіркелді. 

Стационарларында бүгінгі күні 1156 пациент ем қабылдап жатыр. 

Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша 17 адам коронавирустық инфекциядан сауығып үйлеріне шығарылды. Олардың ішінде Орталық қалалық клиникалық аурухананың 8 медицина қызметкері, Балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 2 қызметкері және 7-уі вирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар.