23 шіл, 2020 сағат 13:30

Алматыда коронавируспен күреске 60 млрд теңге бөлінген

Алматы әкімдігі қаражат бойынша басты басымдықты COVID-19- бен күреске жұмсап, қалған барлық шығындарды қысқартпақ. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасының тікелей эфиріндегі сұрақтарға жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі бірінші кезекте коронавирусқа қарсы күрес екенін айтты. Осыған байланысты бюджеттің барлық басым емес шығындары қысқарып, қаражат COVID-19 қарсы шараларға бағытталады. 

Оның айтуынша, бұрын жоспарланған құрылыс жобаларын келесі жылға қалдыруға болады. 

«Пандемия басталғаннан кейін біз бірден барлық басқа жобаларды тоқтаттық. Келесі жылға дейін пандемия созылмайды деп үміттенеміз. Келесі жылы жеңіл болады және біз жоспарланған құрылыс жобаларын қайта жандандырамыз», - деді әкім. 

Сондай-ақ ол спорттық-мәдени іс-шаралар тоқтатылғанын атап өтті. 

Алматыда коронавируспен күреске биыл наурыздан бастап шамамен 60 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Үкімет тарапынан 11,5 млрд теңге бөлінді. 

Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға, жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға, кіреберістерді, аула аумақтарын және көшелерді дезинфекциялауға жұмсалды. 

Сонымен қатар, 16 шілдеде мәслихат биылғы қалалық бюджетті нақтылау туралы қаулы қабылдаған болатын. 

Оның аясында КВИ-мен күресуге 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде коронавирусты емдейтін госпитальдерді дәрімен қамтамасыз ету үшін резервтік қорлар құруға және фармацевтикалық компанияларға пайызсыз несие беруге бағытталған. Сондай-ақ «Халық Арена» базасында жұмыс істеп тұрған және құрылып жатқан стационарлар, ОҚКА реанимациясы, клиникалық-диагностикалық зертхана және жұқпалы аурулар ауруханасы үшін медициналық жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінді.