02 қыр, 2020 сағат 19:04

Алматыда коронавирусқа қатысты ахуал тұрақталды

Алматыда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Бұл туралы «Әкімдік Live» бағдарламасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Уақытында өткізілген профилактикалық шаралардан соң қалада коронавирус жағдайы азайғаны байқалады. 

Қала бойынша бүгінде 14 233 науқас тіркелген. Қалада 8 адамда КВИ диагнозы расталған. 

«Өткен айдағы көрсеткіштермен салыстырғанда анағұрлым төмендегені анық. Эпидемияның қауырт сәттерінде күніне 250 адам тіркелген болатын. Ал жазылғандар саны 13 360 адам. Пневмониямен 705 адам тіркелген. Қазір күніне 11 адам тіркеледі. Бұл жағынан да көрсеткіштер төмендеген», - деді Б.Сағынтаев. 

Одан бөлек, қаладағы стационарлық орталықтардың қаншалықты жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. 

«Қазір инфекциялық стационарлар 18 пайызға істеп тұр. 3673 төсек орын резервте тұр. Яғни, қазір төсек-орындардың 82 пайызы бос тұр. Жаңа ауруханалардың құрылысы қазанда аяқталарын ескерсек, біз бұл көрсеткішті 7 мыңға жеткіземіз. Бүгінде 39 адам жансақтау бөлімінде жатыр. 314 пациент амбулаториялық ем қабылдап жатыр», - деді әкім.

Алайда, ол вирус ешқайда кетпегенін, сақтық шараларын сақтау керектігін түсіндірді.

«Егер біз әлеуметтік қашықтықты сақтамасақ, маскалық режимді бұзсақ, бұрынғы қалпымызға келуіміз мүмкін», - деді әкім.