Алматы қаласында бір тәулікте 11 429 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«18 тамыз күні 11 429 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы вакцинаның І компонентін 5 153, II компонентін 6276 адам алды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 18 тамызы аралығында қалада барлығы 828 376 адам вакцина алды. Вакцина салдырғандардың ішінде 109 203 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар.
Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылған.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында вакцинация пункттері жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.