10 сәу, 2020 сағат 09:20

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың жағдайы қалай?

Алматыда бүгін өткен онлайн брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматыда КВИ жұқтырудың тағы бір жағдайы тіркелді. Бұл – байланыста болғандар қатарындағы 1967 жылы туған әйел. Жағдайы пневмония есебінен ауырлықтың орташа дәрежесі ретінде бағалануда. 

Бүгінде Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 122 фактісі тіркелген. 

«Қазір жұқпалы аурулар стационарларында Covid-19-дан - 96 пациент, оның ішінде 4 бала бар. 72 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. Бір адамның жағдайы өте ауыр, 4 ересек адамның жағдайы ауыр, 19 ересек адамның жай-күйі орта ауыр деңгейде»,– деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев. 

Жалпы Алматыда 26 адам коронавирустан сауығып, үйіне шығарылған. 

Провизорлық орталықтарда 250 адам жатыр, оның ішінде 29 бала бар. 384 азамат - карантиндік оқшаулауда, 5 306 адам - үй жағдайындағы карантинде.