Алматыда көпқабатты үйдің бірінен өрт шықты, өрт сөндірушілер көлігінің үйге жақын келуіне сол маңда тығыз қойылған тұрғындар көлігі кедергі келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратаментінің мәліметінше, 22 тамыз күні кешкі сағат 21:20 кезінде «101» пультіне Төле би көшесіндегі 15 қабатты үйден түтін шыққаны туралы хабар келіп түсті.
«Өрт сөндірушілер Алмалы ауданының Төле би көшесіндегі 273/6-үйге жіберілді. Келген сәтте 15 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатының балконында өрт шыққанын анықтады. 2 шаршы метр аумақта үй заттары жанған. Өрт сөндіру техникасының өтуіне тұрғындардың жеке көліктерін тығыз қойғаны кедергі келтірді. Уақытты жоғалтпай жағдайды бағалап, өрт сөндірушілер 5 қабатқа үш иінді сондай-ақ «шабуыл» өрт сатыларын қолдана отырып, жоғарғы қабаттарға көтеріліп, өрті 3 минут ішінде ауыздықтап үлгерді. Өрт толығымен 21.36 минутта сөндірілді. Өрттен ешкім зардап шекпеді», - деп хабарлады Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен.
ТЖД алматылықтардан көліктерін қойып шұғыл қызметтердің өтер жолын бөгемеуді сұрайды.