25 там, 2020 сағат 11:19

Алматыда көпірден секірмек болған ер адам құтқарылды

Алматы полициясы ер адамның эстакаданың шатырына не себепті шыққанын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықталды. Белгісіз ер адам жолдың үстіндегі көпірдің төбесіне шығып, ары – бері жүрген. 

«Белгілі болғандай, бұл оқиға № 6 ықшамауданыдағы Саин көшесінің бойында болған. Сағат 18:20-да полицияға ер адамның көпірден секірмек болғаны туралы хабар келіп түсті. Полиция қызметкерлері жеткенге дейін, 1982 жылы туған З. есімді азаматты куәгерлер көпірден түсіріп алған. Ер адам оқиға орнына келген «Буран-86» патрульдік жасағына тапсырылды»,– деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ер адам өзінің іс-әрекетін полиция қызметкерлеріне, жұмыстан қайтып келе жатқанда телефон арқылы отбасында қайғылы жағдай болғаны туралы хабарды естігенін айтқан. Оған полиция және жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге психологиялық көмек көрсетілді. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.