23 шіл, 2020 сағат 10:54

Алматыда қисайған үйлердің тұрғындары тағы да әкімге шағымданды

Алматыда Зерделі шағын ауданы тұрғындары тікелей эфирде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа тағы шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімдік қалпына келтірген үйлерге қайта көшкен тұрғындардың көңілі әлі жайланар емес. 

«Осы бағытта үлкен жұмыс жасалды. Бұл сұрақ қоғам мен БАҚ бақылауында тұр. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қазақ Құрылыс-сәулет ғылыми зерттеу және Жобалау институты кесімді шешім шығарды. Үй тексеруден өтті. Сынған есіктер, қасбет подьездер қалпына келтірілді. Көп адамдар үйлеріне қайта көшіп келді. Бірақ олардың кейбіреулері әлі де жасалған жұмысқа көңілі толмай жатыр. Олармен жеке-жеке жұмыс жүргізетін боламыз», - деді әкім. 

Қала әкімі осы ауданда тұрған басқа да үйлер күшейтіліп жатқанын айтты. 

«Қазір екінші үй қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы алғанда 6 үйде осындай жұмыс жүргізіледі. Жақын арада оған қаражат бөлінеді», - деді әкім.

Еске салайық, Алматыда Зерделі шағынауданында көпқабатты үйдің қабырғасы бір жағына қисая бастаған соң тұрғындар дабыл қаққан болатын. 

2019 жылдың соңғы айларында басталған үйдің негізі мен тірек конструкцияларын жүйелі түрде зерттеу, ғимараттың күн сайынғы қисаюын өлшеу және оның мүмкін болатын серпінін қадағалаған ҚазҚСҒЗИ зертханасының мамандары осы үйде тұру қауіпсіздігіне қатысты қорытынды жасады. 

Мамандардың мәліметі бойынша, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін үй одан әрі пайдалануға жарамды болады. Барлық тұрғындар қала әкімшілігі есебінен жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етілген. Балаларын балабақшалар мен басқа да білім беру мекемелеріне орналастыруға көмек көрсетілді.