Алматылықтар егеуқұйрықтардың көбеюіне қатысты шағымданып жатыр. Осы орайда әкімдік бұл жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желілерде арықтарда видеоға түсірілген егеуқұйрықтар жарияланған.
«Егеуқұйрықтар қала аумағына таралып барады. Оларды уламаудың салдарынан саны көбейген», - делінген жазбада.
Осы орайда желі қолданушылары егеуқұйрықтар саябақтар мен базарларда да көптеп кездесетінін сөз еткен.
Өз кезегінде Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы аталған ескертуге байланысты Мәметова-Уәлиханов көшелері қиылысында кемірушілерді жою жұмыстарын жүргізуге тиісті тапсырма берілгенін хабарлады. Келесі күні тиісті өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, «Amanat Cleaning» ЖШС мердігер ұйымы дератизациялық жұмыстардың бірінші кезеңін аяқтаған.
«Бұл жұмыстардың екінші кезеңі биылдың қыркүйек айына белгіленді. Яғни осы жылғы 30 қарашаға дейін жалғасады. Қосымша мобильді бригадалар тартылды, олар тұрғындардың шақыртуы бойынша барады. Өтінімдерді Open Almaty порталы, әлеуметтік желідегі (басқарманың) парақшалар мен азаматтардың жазбаша шақыртуы бойынша Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы қабылдайды», - деп аталып өткен басқарма жауабында.