26 шіл, 2016 сағат 19:48

Алматыда қаза тапқан полицейлердің аты-жөндері жарияланды

Алматыда шабуылда қаза тапты делінген полиция қызметкерлері (солдан оңға қарай) Мақсат Сәлімбаев, Аян Ғалиев және Бауыржан Нұрмағамбетов. Сурет 24.kz сайтының ресми сайтынан алынды.

Алматыдағы шабуылдан қаза тапқан полиция қызметкерлерінің аты-жөндері жарияланды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер. Қалалық ішкі істер департаменті таратқан ақпаратта шабуылда полиция капитаны Бауыржан Нұрмаханбетов (1988 жылы туған), кіші сержант Мақсат Сәлімбаев (1991 жылы туған) және полиция старшинасы Аян Ғалиев (1974 жылы туған) қаза тапқаны айтылады.

Алматыда бүгін түске дейін белгісіз қарулы адамдар Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасаған. Ресми ақпарат бойынша, шабуылдан полиция қызметкерлерінен өзге бір бейбіт тұрғын қаза тапқан, жеті полицей жарақаттанған.

Полиция «шабуыл жасады» делінген екі адамның ұсталғанын хабарлады.

Республикалық антитеррорлық орталық шабуылға байланысты Алматы аумағында террорлық қауіп-қатердің «қызыл» деңгейін жариялаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуылға байланысты қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, Алматыдағы шабуылды теракт деп атады.