23 қар, 2020 сағат 13:56

Алматыда кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын мобильді топ жұмыс істейді

Алматы қаласы прокурорының өкімімен прокуратура қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мобильді топ азаматтар мен заңды тұлғалар өкілдерінің өтініші бойынша құрылып отыр. 

Мысалы, Бостандық ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу шарты аясында орындалған міндеттемелер үшін «Алматы Су» МКК жеткізушілеріне 20 күнтізбелік күннен артық ақша төлемеу фактілерін анықтады.

«Заң бойынша тапсырыс беруші шартқа сәйкес, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдағаннан кейін ақы төлеу мерзімі бес жұмыс күнінен аспайтын уақытта жүзеге асырылуы керек. Қадағалау актісі бойынша 27 жеткізушіге 36 млн теңге сомасында төлем жүргізілді»,– деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Бұдан басқа, Медеу ауданының прокуратурасы қоғамдық тамақтану орнының жұмысын жалғастыруға көмектесті. Бұған дейін қылмыстық қудалау органымен мөрленген болатын.Прокуратура қылмыстық іс бойынша нұсқау бергеннен кейін кәсіпкер өзінің мейрамханасын ашып, штаттық режимде жұмыс істей бастады.

Бизнесті қорғау жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, бұл топ тәулік бойы жұмыс істейді.