Алматы қаласының Білім басқармасы қашықтан оқытудағы техникалық мәселелерді жақын күндері шешуге уәде берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Андрей Дупиктің айтуынша, интернет платформалардағы ақау шамадан тыс жүктеменің түсуіне байланысты болған.
«Бүгін қала мектептеріндегі 290 мың оқушы 50-ден аса серверді пайдаланып, қашықтан оқып жатыр. Бір күнде және бір уақытта 3 мың бала кірді. Сондықтан техникалық ақау орын алды. Қазіргі таңда серверлердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, олардың қуатын арттыру үшін желілік мүмкіндіктер қаралып жатыр. Барлық тиіс шара қабылданады», - дейді Андрей Дупик.