06 қаз, 2020 сағат 13:06

Алматыда қашықтан оқыту сапасы талқыланды

Қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала мектептерінің директорларымен онлайн-кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеңес жұмысына қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев, Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова және басқалар қатысты.

Кеңес барысында санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан мектеп жұмысын талдау нәтижесі қаралды. Негізінен әлеуметтік қашықтықты және маска режимін сақтау, туннель, санитайзер, тепловизор, аяқ киімге арналған кілемше, бактерицидті шам секілді дезинфекциялық құралдардың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету, байланыссыз термометрия жүргізу, дезинфекциялау және желдету жүйесінің жұмысы көтерілді.

Кеңесте қашықтан білім беру, білім платформаларын пайдалану, интернетке қосылу жылдамдығы, сондай-ақ мұқтаж отбасынан шыққан оқушылар үшін тегін интернет пакеттің көлемі мәселелерін қарауға ерекше назар аударылды.

Еске салайық, бүгінде Алматыда 271 мыңнан астам оқушыны қамтитын 207 мемлекеттік мектеп және 16 мыңнан астам оқушыны қамтитын 63 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Қаланың 205 мемлекеттік мектебі оқу жылын қашықтан бастады.

«Көлсай» және «Сұлусай» шағынаудандарында орналасқан екі мектепте оқушылар санының аз болуына байланысты оқу штаттық режимде жүріп жатыр.

Сонымен қатар, 13 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші бойынша қала мектептерінде кезекші сыныптар ұйымдастырылды.

Бүгінгі жағдай бойынша кезекші топ оқушылары мен мұғалімдер арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері анықталған жоқ.