Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан тағы үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция департаментінің мәліметінше, Алматыда қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысушыларды ұстау бойынша екі арнайы іс-шара жүргізілді.
Нәтижесінде үш күдікті қамауға алынды.
Ұрланған қарудың бір бөлігі «Достық» шағын ауданындағы үйлердің бірінде, ал екіншісі – Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағындағы Жамбыл елді мекеніндегі үйлердің бірінен табылды және тәркіленді.
«Екі күдікті 25 жаста, біреуі 27-де. 5 қаңтарға қараған түні олар «Камерад» аңшылық дүкенін тонап кеткен. Жас жігіттер ұрланған заттарды үйдің жертөлесіне тығып, үстіне құм басып кеткен. Әртүрлі маркадағы төрт тегіс ұңғылы мылтық, автомат, 720 патрон, бес аңшылық пышақ, арбалет, оптикалық көздеуіш және оқ-дәрі тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдіктілер кінәсін мойындап, дүкенге қалай кіргендерін айтып берді», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Тергеушілер «үштіктің» осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ұрлау) бойынша тергеліп жатыр.
Бұл баптың санкциясында бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.