27 қыр, 2023 сағат 15:47

Алматыда қарт адамды ұрған жасөспірімдер жазаланбайтын болды


Алматыда қарт адамды ұрып-соғып, оны видеоға түсіріп алған жасөспірімдер қылмыстық жазаға тартылмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық дерегі (Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) бойынша кәмелетке толмаған сотталушылар - Ж. және Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Сот кәмелетке толмағандар шілдеде қаланың орталық көшелерінің маңында жүріп, мас күйде жатқан азамат Щ.-ны байқап, аяғынан сәл итеріп, оята бастағанын анықтады. Бұған жауап ретінде азамат Щ. кәмелетке толмағандарға балағат сөздер айтқан, содан кейін жасөспірімдер Щ.-дан алыстай бастаған.

Өз кезегінде, кәмелетке толмағандардың бірі қорланып, естігеніне төзе алмай, өзінің артықшылығын көрсеткісі келіп, жәбірленушінің бетінен бірнеше рет ұрған. Екінші сотталушы оқиғаның бәрін смартфонының бейнекамерасына түсіріп, жәбірленушіге дене жарақатын салуға бағытталған белсенді іс-әрекеттерді жасауға итермелейді және мысқылдап, ұятсыз түсініктемелермен сүйемелдеп, арандатушы рөлін атқарған.

Осыдан кейін, олар қоғамға өздерін танытқысы келіп, түсірген бейнероликті көрсету үшін еркін қолжетімді "Instagram" әлеуметтік желісінде таратқан" - делінген хабарламада.

Сарапшының қорытындысы бойынша жәбірленуші Щ.-ның денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.

"Сотта айыпкерлер өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық залалды өтеді.

Жәбірленуші сотта айыпкерлермен татуласқанын, қандай да бір шағымдары жоқ екенін, осыған байланысты оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрайтынын мәлімдеді.

Олардың заңды өкілдері азамат Щ.-ға материалдық және моральдық залалды өтеуі себепті жасөспірімдерді кешірді", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты сот 68-бабының 1-бөлігі негізінде кәмелетке толмаған сотталушыларды қылмыстық жауапкершіліктен босатты, осы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.