05 там, 2025 сағат 10:59

Алматыда Қарғалы өзеніне жасыл зат төгілді: ластау фактісі тексерілуде

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласында Қарғалы өзеніне белгісіз заттың төгілуіне байланысты экологиялық тергеу басталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгін Жандосов көшесі мен Абай даңғылының арасындағы аумақта өзен суының түсі өзгергені байқалды. Алдын ала болжам бойынша, көпірден өзенге жасыл түсті химиялық зат төгілген болуы мүмкін.

Оқиға орнына дереу жеткен қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мамандары аумақты тексеріп шықты. Су құрамын нақтылау және ластану деңгейін анықтау мақсатында Экология департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сынамалар алып, зертханаға жіберді. 

Сараптама нәтижесі анықталған соң, 2025 жылғы 5 тамыз күні Алматы қаласының Экология басқармасы, Наурызбай ауданы әкімдігі, Экология департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бірлесіп, жағдайдың себебі мен кінәлі тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізбек.

Қазіргі уақытта өзен арнасындағы су табиғи қалпына келіп, ластану белгілері байқалмайды.

Оқиға бақылауда. Қоғамдық қауіпсіздік пен қоршаған ортаға зиян келтіру дерегі бойынша тергеу жалғасуда.