Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев онлайн брифинг барысында карантин режимін жиі бұзатын мекемелерге тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Берік Солтанбаев қала әкімінің тапсырмасына сәйкес карантин режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуын анықтау бойынша мониторинг топтардың жұмысы күшейтілгенін атап өтті.
Медеу ауданында 4 мобильді топ бар. Олар 9 қазаннан бері 472 нысанға тексеру жүргізді. Нәтижесінде 401 мекеменің жұмысы тоқтатылып, 89 кафе мен клубтан келушілер шығарылды.
«Тыйым салынғанына қарамастан, бұқаралық іс-шаралар жалғасуда. Бұл инфекцияның таралу қаупіне ие. Мысалы, 17 қазанда «Қазақстан» қонақ үйіндегі «Grand Ballroom Almaty» банкет залында үйлену тойының өтіп жатқаны анықталды. Мобильді топ, тойды тоқтатып, қанақтарды шығарды. Онда шамамен 80 адам болған. Осы демалыс күндері екі мейрамханада 50-ден астам адамға арналған той-томалақ өтті. Біз мейрамханалардың жұмысын дереу тоқтаттық», - дейді спикер.
Сондай-ақ, 6-8 қараша аралығында ауданда 12 мобильді топ жұмыс жасады. Екі күннің ішінде 104 нысан тексеріліп, оның 93-і жабылған. Басқа 11 мекемеде заң бұзушылықтар анықталып, қонақтар шығарылды.