03 қыр, 2020 сағат 15:18

Алматыда карантин қашан жеңілдетіледі - Бекшиннің жауабы

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантиндік шектеулерді жеңілдетудің үшінші кезеңі туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, қазір қалада шектеу шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жүзеге асырылуда. Оның ішінде кітапханалар, музейлер мен діни орындар бар.

«Сонымен қатар, мектептерде кезекші топтардың жұмысына рұқсат берілген. Оған қоса, жұмыс күндері бассейндер ашық. 15 адамнан аспайтын топпен саябақтар мен өзге де табиғи аумаққа шығуға болады», - дейді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ ол қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанына қарамастан, ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері шектеу шаралары енгізілетінін атап өтті.

«Бұл нұсқаудың азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларға қатысы жоқ. Қаладағы ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес сауда орындары, жабық базарлар, сұлулық салондары, спорт орталықтары, жаттығу залдары, ашық ауадағы аттракциондар жұмыс істемейді», - деді ол.

Онлайн брифинг барысында Жандарбек Бекшин Алматыда карантинді жеңілдетудің үшінші кезеңі туралы айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігі карантинді жеңілдету туралы одан әрі шешім қабылдау кезінде ескеретін көрсеткіштерді бекітті. Бұл соңғы аптадағы ауру мен өлім көрсеткіші, инфекция коэффициенті, тәуліктік өсім. Осы деректерді ескере отырып, біз шешім қабылдаймыз. Бүгінгі таңда карантин ережелерін тағы да жеңілдетудің алғышарттары бар. Алайда жағдайды бақылап, дұрыс шешім қабылдау үшін кем дегенде бір аптадағы көрсеткіш тұрақты болуы қажет», - деді спикер.