15 ақп, 2024 сағат 16:02

Алматыда қалың қар жауады: әкімдік үндеу жариялады

Ертең, 16 ақпанда, сондай-ақ 17 ақпанға қараған түні Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуі күтіледі. Осыған байланысты қала әкімдігі көлік жүргізушілеріне үндеу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің хабарлауынша, Алматыда 16 ақпанда таңнан 17 ақпанға қараған түнге дейін жаңбыр жауып, арты қалың қарға ұласады. Сондай-ақ ауа температурасы кешке -20 градусқа дейін төмендейді.

17 ақпанда түнде -22 градусқа дейін, ал сол күні күндіз ауа температурасы -14 градус болады деп күтіледі. Синоптиктер ертең, 16 ақпанда таңда, жолдарда тұман және көктайғақ болады дейді.

"Түнгі уақытта көктайғақтың алдын алу мақсатында учаскелерде 176 құм шашатын машина кезекшілік етеді деп жоспарланып отыр. Қар тазалау жұмыстарына барлығы 483 арнайы техника мен 1180 жол қызметкері жұмылдырылады", - деп хабарлады қалалық әкімдік.


Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын ұстануға кеңес беріліп отыр. Көлік иелерінен жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қашықтықты ұлғайтып, кенеттен маневр жасамау ұсынылады.

Сондай-ақ әкімдік 16 ақпанда қар күрейтін арнайы техника колонналарының жоспарлы өтуіне және 17 ақпанда түнде қардың жаппай шығарылуына байланысты алматылықтардан көліктерді жол жиегіне қоймауын сұрайды.