08 қаз, 2020 сағат 12:57

Алматыда иесіз қалған өзен арналары анықталды

Алматыда иесіз қалған 95 шақырым өзен арнасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаладағы барлық су объектілеріне түгендеу жүргізілді. Иесіз қалған 95 шақырым өзен арналары анықталды. Олар бойынша арналарды нығайту, кейбір учаскелерді кеңейту, су басудың проблемалық орындарын болдырмау және т. б. бойынша ұсыныстар берілді»,– деді Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская. 

Оның айтуынша, мегополис аумағында 26 өзен бар, олардың жалпы ұзындығы 315 шақырымды құрайды. 

«2019 жылы әл-Фараби даңғылынан Жамақаев көшесіне дейінгі Есентай өзенінің су қорғау белдеуі мен арнасын, сондай-ақ қала шегіндегі Үлкен және Кіші Қарасу өзендерінің су қорғау белдеулері мен арналарының жекелеген учаскелерін реконструкциялау аяқталды», – дейді спикер.

Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы ұзындығы 21,6 шақырым болатын Алматы, Тиксай, Жарбұлақ, Есентай өзендерінің арналарын реконструкциялау және абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.