Фото: cvetok24.kz
Алматыда гүл жеткізу қызметін атқарған ер адамға қатысты іс сотта қаралып, ол «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Ult.kz хабарлады.
Жәбірленуші оны жыныстық сипаттағы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткенмен, іс әкімшілік іс жүргізу тәртібімен шешілген.
Алматы қалалық соты мен Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оның әрекетін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша саралап, 7 тәулікке қамау жазасын тағайындады.
Оқиға 14 ақпанда болған. Жәбірленушінің айтуынша, курьер шамамен сағат 20:40-та гүл жеткізген. Тапсырыс ауыр болғандықтан, ол гүл себетін пәтер дәлізіндегі еденге қалдыруын сұраған. Алайда курьер үйге кірген соң гүлді қойғаннан кейін оның халатынан тартып, ашып жіберіп, кеуде тұсына қол тигізген. Дарья қатты шошып, ер адамды сыртқа қуып шығып, есікті әрең жапқанын айтқан.
Оқиғадан соң ол курьерге хабарлама жолдаған, алайда курьер балағат сөздер мен «қолыңнан түк келмейді» деген мазмұнда жауап берген.
Жәбірленуші бірден полиция шақырып, арыз түсірген. Кейін курьердің inDrive сервисі арқылы жұмыс істегені анықталып, компания оның аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді.
