17 шіл, 2020 сағат 16:10

Алматыда Грузия азаматы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 30 млн теңге табыс тапқан

Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті қалада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 1991 жылы туған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Бұл жөнінде Қаржы мониторингі комитеті хабарлады.

Заңсыз ойынхананы қызметкерлер жедел-тергеу шарасы барысында кала шетінен анықтады. 

Тергеу аясында қала тұрғынының Грузия елінің тумасы екендігі, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар екені белгілі болды. Ол аса ірі көлемде - 29,6 миллион теңгеден астам сомада табыс әкелген астыртын бизнес - электронды казино жұмысын жүргізіп келген. 

Үй-жайды тексеру барысында департамент қызметкерлері 7 ойын терминалын, тыйым салынған бизнес түрін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін, атап айтқанда, ставка қабылдауға, ұтысты есептеу мен беруге қолдау көрсететін онлайн ойынның 39 компьютерлік техника қосымшаларын тәркіледі. 

Сот үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 307-бабының 3-бөлімі, 2-тармақшасына сәйкес кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.