29 шіл, 2020 сағат 18:56

Алматыда фармкомпания медициналық мекемелерге 100 мың маска алып берді

Алматы қаласының әкімшілігі қаланың медициналық ұйымдарын жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету бағытында жан-жақты шаралар атқаруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сонымен бірге, кәсіпкерлік субъектілері де бұл істен сырт қалмай, коронавирус пандемиясымен күреске өз үлестерін қосуда. Бүгін «Dolce-Pharm» ЖШС отандық фармацевтикалық өндірістік компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 100 мың маска берді. Бұл маскалар шаһардағы 23 медициналық мекеме арасында бөлініп, таратылады.

«Бүгінгі таңда біз қалаға 100 мың маска сыйладық. Бұл әкімдікпен шешілген мәселе. 5340 орынға 23 ауруханаға біз 100 мың фильтрлі маска беретін боламыз. Әкімдік берген ауруханалар тізімі бойынша барлығына өзіміз жеткізетін боламыз», - деді Dolce компаниясының коммерциялық директоры Баян Демеуова.

Қарапайым қосқабатты маскалар тек 2 сағат тағылса, фильтрлі масканы 4-5 сағат бойы, екі есе ұзақ уакыт тағуға болады. 

Сонымен бірге, болашақта онкологиялық және балалар ауруханасының медициналық қызметкерлерін маскалармен қамтамасыз етуге көмек көрсету жоспарланып отыр. 

Жалпы, «Dolce-Pharm» компаниясы Алматы қаласының әкімдігімен келісімге сәйкес, мегаполистің 23 дәріханасына маскаларды жеткізеді. Індет басталғалы Dolce компаниясы қаланың дәріханаларына күн сайын 2-3 мың маска жеткізіп отыр.