21 нау, 2026 сағат 11:34

Алматыда «ЕРДО» мен «Бірінші кредиттік бюро» басшыларына қатысты тергеу аяқталды

Фото: ашық дереккөз

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі аяқтады деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілерге лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша айып тағылған. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» – жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы. Бұл мәліметтер қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда аса маңызды.

Анықталғандай, 2020 жылы орталықтың бұрынғы басшысы мен кредиттік бюро жетекшісі заңсыз келісімге келіп, нәтижесінде жеке бюроның табысы 30%-дан 35%-ға дейін артқан. Осылайша, мемлекеттік орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.

Сонымен қатар, тергеу барысында ақпарат алмасу жүйесіне арнайы сервистер енгізілгені белгілі болды. Ол жеке кредиттік бюроға сұраныстарды жедел өңдеуге мүмкіндік берсе, ал мемлекеттік кредиттік бюроға керісінше кедергі келтірген.

Осының салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келген.

2025 жылдың маусымында күдіктілердің бірі орталықтың жаңа басшысына 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені анықталған. Бұл қаражат заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу мақсатында ұсынылған.

Қазіргі таңда аталған тұлғалар ұсталды. Сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден асатын мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынды.

Іс материалдары тараптарға танысу үшін жолданды. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.