20 нау, 2026 сағат 11:29

ҰҚК: жыл басынан бері 17 адам терроризм және экстремизм үшін сотталды

Фото: E-history.kz

Биылғы жылдың басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 17 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Ult.kz.

Олардың арасында Алматы қаласының тұрғыны бар. Ол 2017 жылы халықаралық террористік ұйымдар жағында соғыс қимылдарына қатысу үшін шетелге кеткен. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен операция барысында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ Көкшетау қаласының тағы бір тұрғыны 2013 жылы шетелге кетіп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған. Ол да халықаралық әріптестермен бірлескен іс-шара нәтижесінде ұсталып, елге жеткізілді. Сот оны 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола мен Ұлытау облыстарында террористік қылмысқа қатысы бар 6 діни радикал ұсталды.

Сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тағы 4 адамға сотталғандар арасында терроризмді насихаттады және діни алауыздық қоздырды деген айып тағылды. Тергеу мәліметінше, олар интернетте және өз ортасында экстремистік материалдар таратып, өз көзқарастарын қолдамайтындарға қарсы күш қолдануға үндеген.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.