Фото: Polisia.kz
Талдықорғанда жүргізілген арнайы операция барысында есірткі құралдарының
заңсыз айналымына қатысы бар күдікті ұсталды. 62 жастағы жергілікті тұрғыннан 5
келіден астам гашиш тәркіленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары
Еркін ауылында өткен. Күдікті есірткіні сақтау және сату бойынша қолға түскен.
Тергеу барысында полицейлер бақылау сатып алу жүргізіп, әйелден 5 грамнан
астам гашиш сатып алған. Кейін оның үйін тінту кезінде өсімдік тектес зат
салынған алты пакет табылды.
Сонымен қатар ауладағы сарайдан скотчпен оралған ірі қара пакет анықталып,
оның ішінен жалпы салмағы 5 келіден асатын есірткі заты табылған. Алдын ала
болжам бойынша, бұл – гашиш.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге
денсаулығына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Полиция өкілдері есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасатынын атап
өтті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін
бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
