17 там, 2021 сағат 13:53

Алматыда эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі - Жандарбек Бекшин


Алматыда эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы қаласында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Тәулігіне 1500-ден астам жағдай тұрақты түрде тіркеліп отыр. Бұл жағдай 28 шілдеден бастап жалғасып келеді. Тамыз айынан бүгінгі күнге дейін 24,3 мың жағдай, жыл басынан бері 105,6 мың жағдай тіркелді», - дейді ол. 

Оның айтуынша, өткен аптада коронавирус жұқтырғандар саны сәл төмендеді.

«Тәуліктік өсім тамыздың алғашқы күндеріндегі 1,5%-дан бүгінгі күнге 1,22%-ға дейін төмендеді. Десекте, соңғы аптадағы «симптомдық» науқастардың салыстырмалы салмағы алдыңғы аптамен салыстырғанда 93%-дан 94%-ға дейін артты, бұл айналымдағы COVID-19 нұсқасының жоғары патогенділігін көрсетеді», -  дейді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай контагиозды мутацияланған «дельта» штамының таралуына байланысты күрделене түскенін атап өтті.