көрнекі сурет
Қалада эпид-ахуал тұрақты. Ай басынан бері коронавирусқа шалдыққандар саны айтарлықтай азайған. Десе де, босаңсуға әлі ерте. Шаһардағы осы жағдайды сақтап қалу үшін талап етілетін барлық сақтық шараларын ұстану керек.
Бұл туралы Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жандарбек Бекшин қазіргі уақытта Алматы қаласында КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін растады.
«Күніне инфекцияның 30-35 жағдайы тіркеледі, бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Коронавирустың жаңа штамы «омикрон» бүкіл әлемде тез таралады және әлемнің 106 елінде, тіпті ұжымдық иммунитеттің жоғары деңгейі тіркелген жерде де анықталды. Жаңа нұсқадан толық қорғау үшін вакцинацияның толық курсы қажет. Ревакцинация да ұсынылады», - деді Жандарбек .
Жаңа жылдық мерекелердің жақындауына байланысты Жандарбек Бекшин адамдар көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді
«Мереке қарсаңында адамдар көп жиналатын банкеттерге бармауға кеңес беремін. Мерекені отбасымен бірге атап өтуге болады. Жаңа жылдық мерекелер коронавирустың таралуына себеп болмауы керек», - дейді ол.