Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың саны өсуде. Бұл туралы Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалада санитарлық-эпидемиологиялық ахуал ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық ушығуы салдарынан күрделене түсуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 2,2 есеге өскен.
Халықтың барлық жастағы топтарының КВИ ауруына шалдығу деңгейінің артуы ерекше алаңдаушылық туғызуда. 22 қазаннан бастап науқастар саны көбейген. Тек соңғы тәулікте тұрғындар арасында КВИ жұқтырғандардың 77 оқиғасы тіркелген.
Адамдар көп шоғырланған орындарда КВИ жұқтыру салдарынан қоғамда эпидемиялық процесстер өршуде. Жүргізілген эпидемиологиялық сараптамалар нәтижесінде инфекцияның 53%-ы қоғамдық көлікте, 23%-ы үй жағдайында, 17%-ы қоғамдық орындарда жұғатындығы анықталды.
Сондықтан Алматының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қала тұрғындарына профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады. Біріншіден, адамдар көп жиналатын орындардан, әсіресе 65-тен асқан адамдардың аулақ болғаны жөн. Екіншіден, маска тағып, қоғамдық орындарда, дүкендерде, дәріханаларда және тағы да басқа жерлерде әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет.
«ЖРВИ белгілері байқалса үйден шықпай, дәрігерді үйге шақыру керек. Өзіңізді өзіңіз емдемеңіз, балаларды және егде жастағы отбасы мүшелерін жеке бөлмеде оқшаулап, жанашыр болыңыз», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.