28 қаз, 2020 сағат 09:15

Алматыда электрокарларды тіркеу сервисі ашылды

Алматыда Жасыл экономика басқармасы «Медеу» мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына кедергісіз жету үшін тоқпен жүретін көліктерді тіркеу бойынша электронды онлайн сервисті ашты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін электрокарлардың иелері бұрын Медеу паркінің офисіне барып өтініш жазуы керек болған. 

«Жаңа сервисте жай ғана форманы толтырса болады. Кешке дейін көлік электронды мәліметтер базасында тұрады. «Медеу» мұз айдынындағы шлагбауым автоматты түрде көліктерді өткізетін болады. Онлайн өтінімді www.almatyeco.gov.kz сайтында қалдыруға болады», - деді Жасыл экономика және қоғамдық үгіт насихат қызметінің басшысы А. Райымбаев.

Айта кету керек, 2016 жылдан бастап Шымбұлақ тау шаңғысы курорты аймағына көліктердің кіруіне тыйым салынған болатын. 

Ал электр тогымен жүретін көліктерге тау бөктеріне кіруіне рұқсат берілген.

Ол үшін тау шаңғысы курортында қажетті инфрақұрылым қалыптастырылған. Медеу мұз айдыны территориясында - 4 зарядтау стансасы, ал «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында 3 зарядтау стансасы бар.