21 ақп, 2022 сағат 17:00

Алматыда екі адамнан танкіге қарсы снарядтар мен патрондар тәркіленді


ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды табудың жаңа деректерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республика көлемінде қаңтар оқиғаларын тергеуге ішкі істер органдарының 500-ден аса қызметкері тартылды. Олардың арасында тергеушілер, жедел қызметкерлер және криминалистер қамтылды. Ішкі істер министрлігі орталық аппаратынан жергілікті жерлерге тәжірибелі қызметкерлер жіберілді. Бірқатар қызметкерлер арнайы прокурорлар жетекшілік ететін ведомствоаралық жедел тергеу топтарының құрамдарына қосылды және олармен бірге жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушыларын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр», - деді С. Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар ол ұрланған қаруды іздеу және тәркілеу бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүріп жатқанын айтты. Бүгінгі күні тәркіленген қарудың жалпы саны 1 006-ны және оқ-дәрі 20 307-ні құрады. 

«Мысалы, жедел іс-шаралар кезінде Алматы қаласы Шаңырақ-2 шағын ауданында екі адам ұсталды. Олардан 5 мың пистолет (2880 дана) және автомат (2160 дана) патрондары бар цинк жәшіктері, бронежилет, қалқан, тізеқорғағыштар түріндегі арнайы құралдар, 2 танкіге қарсы снаряд, тегіс ұңғылы қару, 7 пневматикалық винтовка, оның ішінде біреуі оптикалық көздегішімен және пневматикалық пистолет алынды», - деді ол. 

Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер тобы жеңіл автомашинамен «Оружейник» аңшы дүкеніне келіп, кіреберіс есігін сындырып, 15 тегіс ұңғылы қару мен 4 ойық ұңғылы карабинді, оның ішінде оптикалық көздегішімен жымқырған. Ұрланған қаруды одан әрі сату мақсатымен Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында арнайы жабдықталған орындарда заңсыз сақтаған. Сонымен қатар, тергеу барысында көрсетілген адамдардың Алматы қаласының әуежайына шабуылға және қиратуға қатысқаны анықталды. 

«Сондай-ақ Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктердің бір қатысушысы ұсталды. Ол анықталмаған үш адаммен топтасып түнгі уақытта «Камерат» аңшы дүкенінің бұзылған қабырғасынан кіріп, отты қаруды жымқырып екі жеңіл автокөлікпен алып кеткен. Ұрланған мүліктің бір бөлігі, 8 тегіс ұңғылы қару оқ-дәрісімен тұрғын үйдің шатырынан табылып алынды. Өзге жасырын орыннан жаппай тәртіпсіздіктер барысында қолданылған заттарды, яғни сигналды револьверді оқ-дәрісімен, жанғыш қоспалы 4 шыны бөтелкені, противогаз бен полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарының 6 жиынтығын полиция қызметкерлері тауып алды», - деді С. Әділов.