26 нау, 2021 сағат 14:38

Алматыда денесі бөлшектелген қыздың ағасы: Тісін қағып алып, тырнағын кескен

Алматыда тұрғын үйлердің бірінде кісі қолынан қаза болған Аяжан Еділованың немере ағасы жантүршігерлік қылмыстың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бір тәулік ішінде ол (күдікті – Sputnik) денесін мұқият әрі асықпай бөлшектеген. Ал полиция оның алдымен Аяжанды өлтіріп, артынша денесін бөлшектегенін айтып отыр. Полиция түсірген фотоны көргенде есеңгіреп қалдық... әрбір тісін қағып, әрбір тырнағын кесіп алған. Соның бәрі пакет ішінде жатқанын көрдік. Маньяк оның басын кесіп алып, қайнатқан. Бас сүйегі ғана қалған", - деді қыздың ағасы Алмат Мүліков.

Оның айтуынша, қазір адамды тану бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Мәйіттің бөлшектері жиналып жатыр. Ер адамның болжауынша, ол жерде бір ғана дене болмаған, сол себепті сараптама бес күнге созылды.

"Сараптама нәтижесін тездетуін, Аяжанның туыстарын шақырып, ДНҚ тестін алуын талап етеміз. Олар қазір Талдықорғанда, оларды ешкім шақырмады. Ешкім ресми түрде оның Аяжан екенін мәлімдеген жоқ. Барлығы тек сөз жүзінде. Аяжанның қайтыс болғаны туралы БАҚ арқылы білгеніміз де рас", - деді марқұмның ағасы.

Сонымен қатар бойжеткеннің туыстары қайтыс болған қыздың Аяжан екеніне күмәнмен қарап отыр. Себебі аяқ киім, телефон, сөмкесі секілді кей заттары табылған жоқ. Оның Аяжан екеніне полиция 100% сенімді бола алмайды, деп атап өтті Алмат.

Қаза тапқан қыздың туыстары оның күдіктімен арнайы сайт арқылы таныспағанына сенімді. Олар оны алдап шақырған деп санайды.

"Ол жеңіл ойлайтын қыз емес еді. Үш айдан бері кездесіп жүрген жігіті бар. Сол жігіт бірінші болып дабыл қағып, іздеуге кірісті. Біз оның кездесуге жұмыс бойынша барғанына сенімдіміз, оның танысуға баруы мүмкін емес. Күдіктінің фармацевт мамандығын алғанын білеміз, мұнда пәтер жалдап тұрған. Оны полиция ұстаған кезде көрдік. Сол уақытта ол өзіне жарақат салып үлгерді. Оны ұстаған кезде полицияны келемеждегені туралы да ақпарат бар", - деді марқұмның туыстары.

Олар полиция қыздың із-түзсіз жоғалғаны туралы арызды бірден қабылдамағанын айтып шағымданды. Туыстары күдіктінің мекенжайын өздері тапқанын айтып отыр. Сол жерге барғанда үйдің жанында полиция қызметкерлері де болған.

Ал полиция мұны негізсіз айтылған пікір деп мәлімдеді.

"Біз тергеуді өтініш түскен кезде бастадық. Ештеңе күтпей, бірден жедел топ құрдық", - деді брифингте Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Сонымен қатар Аяжанның туыстары қылмыс жасалған күннен бері 5 күн өткенін, ал өздері оны жерлей алмай отырғанын айтты.

"Ол Талдықорғанның қызы. Ата-анасы сол жақта. Біз жерлеу үшін денесін, оның бөлшектерін беруін күтіп отырмыз", - деді Алмат Мүліков.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полиция департаменті күдіктінің Түркістан облысының 1993 жылы туған тұрғыны екенін хабарлады. Полиция кісі өлтірудің себебі мен әдісін анықтау үшін тергеу жүргізуде.

Күдікті жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен-түспегені, психикалық ауытқуы және қылмыста каннибализм белгілері бар-жоғын сараптама мен тергеу көрсетеді.

Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

22 наурызда қыздың жоғалғаны туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде пайда болды. Туыстарының айтуынша, 2001 жылы туған Аяжан Еділова 19 наурыз күні сағат 20:43-те жұмыстан шығып кеткен және үйге оралмаған. Бақылау камерасы қызды соңғы рет жұмыстан шыққан кезде түсірген. Сол күні қыздың денесі табылғаны хабарланды.