13 қаз, 2020 сағат 13:38

Алматыда дәрігерлер ракпен ауыратын балаларға гепатит С вирусының жұғу фактісін тексеріп жатыр

Алматыдағы "Ғылыми педиатрия орталығы және балалар хирургиясы" ауруханасында ракпен ауыратын бірнеше балаға С гепатиті вирусының жұғу фактісіне байланысты тексеру басталды. Бірнеше ата-ана жергілікті "Астана" телеарнасына берген сұхбатында лейкемияға шалдыққан балаларға қан құйған кезде инфекция жұққан болуы мүмкін деп айтқан. 

Ал ғылыми орталық бұл болжамды жоққа шығарады. Орталық мамандарының айтуынша, С гепатиті балалардан ауруханаға түспей тұрып анықталған.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде ғылыми орталықта С гепатитін жұқтырған 11 бала емделіп жатыр. Екеуінен инфекция биыл анықталған. Қалғандарына вирус одан бұрын жұққан. 

"Ғылыми педиатрия орталығы және балалар хирургиясы" мекемесі төрағасының орынбасары Ләззат Манжуованың сөзіне қарағанда "қазір балалардың жағдайы тұрақты, оқшауланған палаталарда онкологиялық аурудан емделіп жатыр". Ремиссиядан соң гепатитке қарсы ем тағайындалады. 

"Нақты жағдайда [балаларға] қай кезеңде инфекция жұққанын анықтау қиын. Бірақ эпидемиологиялық зерттеу жүргізіледі. Ең бастысы - шара қолдану. Бұл балалар негізгі ауру бойынша ем қабылдауды жалғастыра береді, себебі гепатитті емдеуге болады, дәрі-дәрмек те бар" дейді Манжуова. 

2013 жылы мамыр айында астанадағы ана және бала ғылыми орталығында лейкемиядан емделген 30 балаға С гепатиті жұққаны белгілі болған. Ата-аналар оларға қан құю кезінде инфекция жұғуы мүмкін деп топшылаған. Сол кезде қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізе бастағаны хабарланған еді. Орталық басшылығы балаларда ауруханаға түскенге дейін вирус болған деп мәлімдеген.

Азаттық