Алматыда дәрі тапшылығы болмайды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, маусым айында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында қалада тұрақтандыру қоры құрылған болатын. Оған жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қаражатты екіге бөлдік. Дәріханалар желісіне 5 млрд теңге, ауруханалар мен клиникаларға 5 млрд теңге. Қаңтардың аяғына дейін келісім шартқа сәйке, дистрибьюторлар 40 млн астам дәрі дәрмек жеткізу керек. Бүгінгі күні 33 млн препарат келді. Оның 18,4 млн қоймада тұр», - деді Заңғар Сәлімбаев.
Бұдан бөлек, «СҚ Фармация» ЖШС-да тұрақтандыру қорын құрды. Онда екі айға жететін дәрі-дәрмек пен медициналық қорғаныс құралдары бар.
«Сонымен қатар, қаладағы медицина ұйымдары қажетті дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Дәрі тапшылығы болмайды. Бізде біртұтас жүйе бар, оған сәйкес дәріханалар бақыланады. Біз қай жерде және қанша дәрі қалғанын үнемі қадағалап отырамыз», - деді спикер.