
Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы клиникалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорын құру үшін 10 млрд теңге бөлінді. Оның 5 млрд теңге ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, 5 млрд теңге дәріханаларды дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі таңда 68 атау бойынша азайтылмайтын 8 млн дәрілік препараттың қоры бар.
Сонымен бірге, жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры құрылған. 4,7 млн жеке қорғаныс құралдары бар, «СК-фармациядан» 4,6 млн жеке қорғаныс құралдары келіп түседі. Сонымен қатар, қалада күнделікті қуаты 1 млн бірлікті құрайтын медициналық маска өндірісі жолға қойылған.
