26 мам, 2023 сағат 15:04

Алматыда дәмхананың жазғы алаңына ағаш құлады

Фото: 2gis.kz/almaty

Алматыда дәмхананың жазғы алаңына ағаш құлады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қонақтар үлкен бұтақтар құламас бұрын қашып үлгерген.

Qumash Telegram-арнасының жазуынша, жолдан өтіп бара жатқан адам қонақтар мен мейрамхана қызметкерлеріне ағаштың құлайтынын ескерткен.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 25 мамырда сағат 22:15-те құтқару қызметіне Абай даңғылы 21 мекенжайындағы "Акунин" дәмханасының жазғы алаңы аумағында ағаш құлағаны туралы хабарлама түскен.

"Мамандар мен Медеу әкімдігі сараптама тағайындады. Қажетті жұмыстарды күндізгі уақытта жүргізуге шешім қабылданды. Зардап шеккендер жоқ. Бүгін таңғы уақытта төтенше жағдайлар бригадасының мамандары келіп, ағаштарды кесіп жатыр", - деді әкімдік өкілдері.

Жұмысты төрт құтқарушы мен бір техника жүргізіп жатыр.