Алматыда COVID-19 жаңа толқынына 5500 медицина кадрынан резерв құрылды.
Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу үшін денсаулық сақтау жүйесін дамытудың барлық бағыттары бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, клиникалардың материалдық-техникалық жабдықталуы, инфекциялық төсек-орындарды ұлғайту және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелерден басқа, денсаулық сақтау ұйымдарын медицина кадрларымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді», - деді ол.
Алматы қаласында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық ұйым және 93 жекеменшік нысанындағы ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан астам қызметкер бар.
Медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша COVID-19–бен күреске 27 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылып, 6200-ге жуық төсек-орын орналастырылғаны айтылды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4035 қызметкер еңбек етті.
Эпидемиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты көпсалалы клиникалар қалыпты режимге көшті.
Жұқпалы аурулар клиникаларында коронавирус жұқтырған 100-ден астам науқас бар. Онда 400-ге жуық дәрігер мен медбике, кіші медициналық персонал штаттық режимде еңбек етіп жатыр.
«Жаңа толқын» жағдайында 5500-ге жуық медициналық кадр резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен дәрігер интерндерінен резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық», - деді Светлана Сұлтанғазиева.