Фото: ашық дереккөз
Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Boxy Wealth» атты қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұйымдастырушылар өзін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы жоғары табыс табуды уәде еткен. Күн сайын 5–10% пайда түсетінін, яғни айына 150%-дан астам және жылына 1800%-ға дейін кіріс табуға болатынын айтып, азаматтарды алдаған. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде қосымша дивиденд төлеу қарастырылған.
Салымшылардың ақшасы дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына қабылданып, кейін криптовалюта әмияндарына аударылған.
Қазіргі уақытта 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 230 млн теңгеден асты. Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды.
Тергеу амалдары жалғасуда.
