02 қар, 2020 сағат 08:23

Алматыда бос тұрған ғимараттар әлеуметтік нысандар ретінде беріліп жатыр

Алматыда бос тұрған ғимараттар мектеп, балабақша, емхана ретінде қолданысқа беріліп жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, жұмысы тоқтап тұрған ғимараттар әлеуметтік нысандарға - мектеп, балабақша емханаларға беріледі. 

Рүстем Әлиевтің айтуынша, биыл қала республикалық меншіктен бос тұрған екі нысанды қабылдады.

«Түрксіб ауданындағы М.Тынышбаев көшесіндегі 4/6-үй қайта жаңартылды. Ауданы 491,3 шаршы метр кешен психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға арналған 60 орынға есептелген күндіз қабылдайтын орталық болып ашылады. Сонымен қатар, Бостандық ауданындағы Алмалы бақ көшесіндегі 4А-үйдегі ауданы 196,9 шаршы метр ғимаратта «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы аясында «Іскер Ана» орталығын ашу жоспарда»,– деді ол.

Сонымен қатар, ол жеке заңды тұлғалардан сыйға тарту шарты бойынша үш нысан қабылданғанын жеткізді.

«Бостандық ауданында Егізбаев көшесі, 7 А, ауданы 3115,7 шаршы метр болатын балабақша қайта жаңартылып 150 орынға есептелген №191 мемлекеттік балабақша болып ашылды. Балабақша тұзды шахтамен және сенсорлық бөлмемен жабдықталған. Одан бөлек, Алмалы ауданындағы С.Мәуленов көшесі, 46 мекенжайындағы «Elit Towеr» тұрғын үй кешенінің бірінші қабатындағы ауданы 217,1 шаршы метр тұрғын үй емес ғимаратты жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, оқырмандарға қызмет көрсету үшін ашық аймақтармен коуоркинг орталық кітапханасын ашу көзделеді. Ал «Атакент» аумағындағы абаттандыру объектілері аудан әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткеннен кейін, уақытылы қызмет көрсетуді және күтім көрсетуді ұйымдастырды», – деді Р. Әлиев.

Ауданы 59,5 шаршы метр болатын Жетісу ауданындағы бос тұрған ғимаратты коммуналдық меншік объектілерін қайта бөлу арқылы домбыра мектебі ашылды. Онда балалар халық аспаптарында ойнауды тегін үйренеді.