26 шіл, 2016 сағат 19:52

Алматыда болған терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден беріледі

Алматыда болған терактіден қаза тапқандардың отбасына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің отбасына бес миллион теңгеден беріледі, — деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Алматыда болған атыстан полиция капитаны Бауыржан Нұрмаханбетов, кіші сержант Мақсат Сәлімбаев пен полиция старшинасы Аян Ғалиев қаза тапты.

Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда «Жедел ұстау» арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды», — делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты теракт деп атаған болатын.

Алматыда болған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көптеген қауесет таралды. Мысалы «Жұлдыз» ықшамауданында және Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалды деген ақпараттар расталмады.