30 шілдеде күндіз Алматыда жұрт бір күн бұрын қайтыс болған режиссер, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Атабаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Азаттық.
Қоштасу рәсімі режиссердің үйінің есігінің алдында өтті. Карантинге қарамастан оған өте көп адам жиналды. Режиссердің әріптестері, қоғам қайраткерлері, белсенділер марқұмның туыстарына көңіл айтты. Жиналғандар арасында бірлі-жарым билік өкілі болды.
Болат Атабаевты Алматы маңындағы Кеңсай зиратына жерлейді.
Режиссер былтыр Германияда ауыр операцияны бастан кешірген. Оның Қазақстанға оралғанына көп болмаған.
Ол Қазақстанда саяси-қоғамдық мәселелерге өткір пікір айтумен де танымал болды.
Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылы Талдықорған облысындағы Тентек ауылында туған.
Неміс драма театрының және Әуезов атындағы қазақ драма театрының бас режиссері қызметін атқарды. "Ақсарай" театрының жетекшісі болды.
Ол өзінің алғашқы режиссерлік жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Неміс драма театрында спектакль қоюдан бастаған. 1990 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып, Б.Римованың «Қос мұнлық», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», И.Оразбаевтың «Шыңғыс хан», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Р.Мұқанованың «Қаралы сұлу», т.б. пьесаларына спектакльдер қойды.
2012 жылы Германия мен Қазақстан қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесі үшін Гете медалімен марапатталды.
2011 жылы батыстағы бас көтерген жұмысшыларға қолдау көрсетті.
Болат Атабаев пен марқұм әнші Мадина Ералиеваның артында ұлы Арсен Ералы қалды.
