19 мам, 2022 сағат 16:04

Алматыда бизнесменді бопсалады деген күдікті ұсталды


Алматыда 41 жастағы бизнесменнен 260 мың доллар бопсалады деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бизнесмен полицияға арыз берген. Оның айтуынша, бейтаныс адам ойдан шығарылған қарыз туралы айтып, одан 260 мың доллар талап етіп, физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп қорқытқан.

"Бұл дерек жедел және арнайы іс-шаралар өткізу барысында расталды. 1981 жылы туған азамат физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, кәсіпкерден қомақты қаржы талап еткен. Күдіктіні полиция жасағы арнайы операция нәтижесінде ұстады. Тінту барысында ақшалай қаражат тәркіленіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабында, 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдікті қамауға алынды", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары полковник Берік Әбілбеков.

Полицейлер арнайы операцияны кешке Әл-Фараби даңғылында орналасқан кафелердің бірінде өткізген. Күдікті жақын жерде тұратыны анықталды, сондықтан ол кездесуді ыңғайлы жерде ұйымдастырған. Ол кінәсін толық мойындады.