12 шіл, 2021 сағат 12:54

Алматыда бір тәулікте 9 мыңнан астам адам вакцина салдырды


Алматы қаласында бір тәулікте 9 418 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«11 шілде күні 9 418 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 11 шілде аралығында қалада барлығы 558 104 адам вакцина салдырды. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер үлесі - 90 263» деп хабарлады басқармадан. 

Қалада 212 пункт жұмыс істеп тұр. 1 260 адамнан тұратын 308 егу бригадасы бар. 

Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылған. 

«Қазір медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.