11 нау, 2022 сағат 20:46

Алматыда банктің стажер-кеңесшісі клиенттердің шотынан ақша ұрлаған


Алматыда банктің стажер-кеңесшісі клиенттердің шотынан ақша шешіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық әрекет жасағаны үшін 22 жастағы И.есімді жас қыз ұсталды. Ол екінші деңгейлі банктердің бірінің клиенттерін алдаған. 

«Күдіктінің қылмыстық ниетпен банкке стажер- кеңесші болып жұмысқа орналасқаны анықталды. Оның функционалдық міндетіне клиенттердің смартфондарына мобильді қосымшаны орнатуға және олардың банк карталарын ресурсқа қосуға көмектесу кіреді. Бойжеткен кейбір клиенттің камерасы бейне тексеруді қолдамайтынын алға тартып, оларға өз смартфоны арқылы жеке кабинеттер ашқан. Сол арқылы пайдаланушылардың жеке деректерін скриншоттап алған. Содан кейін ол клиенттердің жеке деректері мен құпия сөзін пайдаланып, қосымшаға кіріп, олардың шоттарынан ақша шешіп алған. Көбіне ақшаны үшінші адамдардың картасына аударған», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов. 

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабында (Алаяқтық) көзделген қылмыс бойынша қылмыстық іс тергелуде. 

Оның басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.