08 қаз, 2021 сағат 15:06

Алматыда балалардың аңғалдығынан монша өртенді


Әуезов ауданының Достық ықшам ауданында монша өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт жеке тұрғын үйдің ауласында ойнап отырған балалардың аңғалдығынан тұтанған. Зардап шеккендер жоқ. 

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ата-ана назарынан тыс қалған екі бала жеке тұрғын үйдің ауласында ойнап отырған. 

Біраз уақыттан кейін үйдің терезесінен балалардың әкесі түтінді көрген. 

Отқа оранған моншаны өз күшімен сөндіре алмаған соң ол 101 қызметіне хабарласқан. Арада біршама уақыт өткенде құтқарушылар келіп, өртті сөндірген. 

Өрттің салдарынан моншаның шатыры мен оған жапсарлас құрылыс нысандары өртенген. 

Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, өрт балалардың аңғалдығынан шыққан. 

Осыған байланысты департамент ата-аналарға балаларды назардан тыс қалдырмау керектігін ескертеді.