27 қыр, 2021 сағат 20:45

Алматыда автобус аялдамасы бұдан былай «Қазақ радиосы» деп аталады


Алматыдағы автобус аялдамаларының біріне «Қазақ радиосының» аты берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлының айтуынша, автобус аялдамасы қазақ телевизиясының қара шаңырағы орналасқан Желтоқсан көшесі, 175 үйдің іргесінде. 

«Аталған көшемен жүретін автобустарда жаңа аялдаманың аты екі тілде атала бастады. Сонымен қатар, аялдамаға Қазақ радиосының қондырғысы орнатылды. Яғни, бүгіннен бастап радиодан тарайтын жаңалықтар мен хабарларды жолаушылар тыңдай алады. Қазақ радиосы сөйлеп тұрады», - дейді Бақыт Жағыпарұлы. 

Сонымен қатар, ол Қазақ радиосының 100 жылдығына орай мемориалды тақта орнатылғанын атап өтті. 

«Алматы қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен Қазақ радиосының ғимаратына, қара шаңыраққа Радио үйі деген мемориалдық тақта орнатылды», - дейді ол. 

Сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасында «Алматыдан сөйлеп тұрмыз...» атты радионың ғасырлық тарихынан сыр шертетін көне құжаттар мен суреттер көрмесі өтті. 

Айта кетейік, биыл Қазақ радиосына 100 жыл, «Шалқар» радиосына 55 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «1 қазан - радио қызметкерлері күні» деп жариялауды ұсынған болатын. 

Президент ұсынысы қолдау тауып, 13 тамызда ҚР Үкіметінің қаулысы шықты. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айында басталды.