11 қыр, 2020 сағат 08:45

Алматыда ауаның ластануы карантинге дейінгі деңгейге жетті

Алматыда ауаның ластануы карантинге дейінгі деңгейге қайта оралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанда төтенше жағдай жариялануына және карантин режимінің енгізілуіне байланысты, Алматы қаласында көлік саны алғаш рет айтарлықтай азайды. Осылайша, мегополистегі ауаның ластануының негізгі көзін анықтайтын ерекше мүмкіндік пайда болды. 

«Алдын ала мәліметтер бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауа әлдеқайда таза болды. Алматының газдану деңгейіне үш фактор әсер етеді: Өнеркәсіп орындары, көлік және жеке сектор. Карантин қоршаған ортаны тазартуға ықпал етті. Әдетте экологияның ластануына ықпал ететін фактор антропогендік сипатта болады. Карантин кезеңінде Алматы ауасының ластануы 5-тен 2 шоғырланудың шекті деңгейіне (ШДШ) дейін төмендеді. Карантин алынғаннан кейін тағы да 5-ке дейін өсу байқалды»,- деп хабарлады Алматы қаласының экология департаменті. 

Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы қаланың атмосфералық ауасының жай-күйіне 26 бекетте тұрақты мониторинг жүргізеді. «Қазгидромет» РМК-сы жариялаған мәліметтерге сәйкес, 11-17 тамыз аралығында Алматыда рұқсат етілген шекті нормадан ауытқыудың 82 жағдайы тіркелді. Ауа Амангелді көшесі мен Сәтбаев көшесінің қиылысы бөлігінде көбірек ластанған.

18-24 тамыз аралығында шекті нормадан ауытқудың 83 оқиғасы тіркелді. Жетісу ауданында, аудан әкімдігінің аумағында орналасқан «Құлагер» шағынауданында ауа көбірек ластанған. 

Ал 1-7 қыркүйек аралығында шекті нормадан асып кетудің 218 жағдайы тіркелді. Ауа қаланың Алатау ауданындағы Алматы Арена және Алғабас–1» шағынауданында ластанған.