27 там, 2016 сағат 08:54

Алматыда атышулы «Алғабас-6» ықшамауданында тағы бір үй құлағалы тұр

"Алматыдағы «Алғабас-6» ықшамауданында тағы бір үйдің қабырғасы қисайды. Тоғыз қабатты нысанның бір жағына қарай жантайғанын жергілікті тұрғындар байқаған екен", - деп хабарлайды КТК арнасы.

Сондықтан олар қауіпті үйді дереу тексеру керек деп дабыл қағуда. Алайда халықтың жанайқайына құлақ асар жан болмай отыр. Айта кетейік, бұл – аталған ықшамауданда жұрттың зәресін ұшырған үшінші нысан.

Мұндағы жұрт 156 және 158-ші үйлердің де қабырғасы қисайды деп дабыл қағуда. Яғни бір-біріне жапсарлас салынған тоғыз қабатты қос үйдің үстіңгі қабаттары ауытқи бастапты. Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналардың бір жағына қарай жантайып тұрғанын тұрғындар бір апта бұрын байқаған екен.

"15-16 жыл кезекте тұрып бір күні астына түсіп кетеміз бе, әлде құлап қала ма, бала-шаға арам өле ме деп қорқамыз. Күнімен-түнімен қорқамыз", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Күлшария Еламанова.

Бойын қорқыныш билеген жұрт үйлерінің апатты жағдайда тұрғанын айтып атқамінерлерге шағымданған. Алайда оған ешкім құлақ аспады дейді ашынғандар. Тіпті төтенше жағдай қызметкерлері де «қорыққанға қос көрінеді» деп телефон тұтқасын тастай салатын көрінеді. Сондықтан жиналғандар жауапты мамандардан үйдің қаншалықты қауіпті-қауіпсіз екенін тексеріп, нақты қорытынды шығарып берулерін талап етіп отыр.

"Екі күн бұрын артқы жақта комиссия жүр дегесін бардық. Әкімдіктен бір кісі болған соған жолығып жағдайды айттық. Жанымыздағы үйдің қисайғанын айттық, нөмірін көрсеттік. Ол кісі айтты қазір жарты сағатта келеміз, көреміз, өзім қарап, ертең маман жіберемін деген. Одан бері үш күн өтті", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ақмарал Әмірова.

Осылайша халықты алдаған шенеуніктер ешкімге ұстатар емес. Тіпті тілшілерге де тұщымды жауап беруден жалтаруда. Ал Алғабастағы апатты үйлерге қатысты өткізген жиындары жабық есік жағдайында өтеді екен.

Атқамінерлердің халықтан қашатындай да жөні бар. Себебі, Алғабастағы апатты үйлердің саны күн санап көбейіп келеді. Яғни сенімді ақпарат көздерінің айтуынша қазір бұл кешендегі тоғыз қабатты 11 үйдің қабырғасы қисайған көрінеді. Сондықтан ең қауіпті деген үш нысанның айналасы қоршалып, қазір іргетасы нығайтылуда.