Алматыда ер адам өз немересін аяусыз соққыға жыққан видео әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бейнекадрда төсекте жатқан баланы аяусыз соққылаған ер адамды көруге болады. Бала жанұшыра көмекке шақырады.
Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 15 ақпанда болған. Алайда, баланың анасынан шағым Түрксіб аудандық полиция басқармасына 6 наурызда түскен. Әйелдің айтуынша, әкесі 10 жастағы немересін соққыға жыққан.
«Оқиға болған мекенжайға аудандық учаске инспекторы және ювеналды полиция басқармасының отбасылық қорлық-зомбылықтан әйел құқығын қорғау бөлімшесінен құрылған тергеу-жедел тобы барды. Балаға қол көтерген ер адам қалалық наркологиялық диспансерде ырқынан тыс ем алып жүрген», - деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аталған дерек бойынша ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар Кодексінің 73 бабының 1 бөлімі бойынша (соғу немесе өзге де күш көрсету әрекеттері, дене жарақатын салу, денсаулығына қатер төндірмеген) сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді.
Баланың дене жарақаты деңгейін анықтау үшін сот медициналық сараптама тағайындалды.
«Сараптама нәтижесі бойынша бала жеңіл жарақат алған. Қазіргі уақытта барлық материал Алматы ауданаралық әкімшілік сотының қарауында», - деді Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, некеден ажырасқан әйел кәмелетке толмаған үш баласымен бірге әке-шешесінің үйінде тұратыны белгілі болды. Ата-анасымен отбасында кикілжің пайда болған. Қазіргі таңда әйел балаларымен Алматы облысындағы туыстарына кеткен.