Бүгінге дейін апатты деп танылған баспанадан 140 алматылық отбасы жаңа пәтерге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мәліметінше, 2019 жылдың басынан бері тұрғын үй қорын қайта жаңарту бағдарламасы аясында 140 отбасы жаңа баспанаға ие болды.
«140 отбасы жаңа пәтерге ие болды, оның 30-ы тозығы жеткен үйлерінің орнына жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталғанша уақытша баспананы таңдады», - деп түсіндірді ведомстводан.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында 1930-1975 жылдар аралығында салынған екі қабатты 1427 ескі үй бар. Олардың көпшілігі Түрксіб ауданында (607 үй) орналасқан. Ескі үйлердің негізгі маңызды проблемалары: сейсмикалық және өрт қауіптілігі, сондай-ақ инженерлік коммуникациялардың болмауы.